07
ақпан
2022
ТІЛІМ МЕНІҢ - САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНАМСЫҢ!
ТІЛІМ МЕНІҢ - САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНАМСЫҢ!
Бүгін Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №68 жалпы орта білім беретін мектебінде «Тілім менің –сарқылмас қазынамсың!» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің апталығы басталды. Мақсаты: Тіл – ұлттың мақтанышы, тірегі, жүрегі екендігіне кең түсінік бере отырып, оқушылардың елжандылыққа, туған тілін құрметтеуге, тілді ұлттық мұра ретінде қастерлеуге үйрету. 07.02.-12.02.2022ж. күндеріне жоспарланған апталықтың ашылуында мұғалімдер мен оқушыларға қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ пен жақсы тілектер үлестірілді. Ашылу салтанатына арналған жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, мектеп директоры Г.А.Пржанова тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу- жас жеткіншектердің жауапкершілігінде болатын міндет екендігіне тоқталып, Әбділда Тәжібаевтың «Туған тілім» өлеңін жатқа оқыды. Туған тілімізге деген құрметін алдағы ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларға оқушылар белсенділікпен қатысып көрсететініне сенім білдірді. Салтанатты жиында өнерпаз қыздар би билеп, 5-7-сынып оқушылары тіл туралы өлеңдерін жатқа айтты. Биылғы мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығына арнап 10-сынып оқушылары инстаграм парақшасын ашып, іс-шарада қорғап шықты. Алдағы уақытта осы мерейтой иелері туралы толық ақпарат пен мәліметтерді осы парақшадан алуы үшін ыңғайлы болатынын айтып, тіркелуіне кеңес берді. Апталыққа арнап дәлізде Қазақстанның әдеби картасы, мектебіміздің жас ақындарының шығармашылығы, үздік эссе дәптерлері, мерейтой иелерінің суреттері қойылды.